«Емхананы қолданысқа беру ғана қалды. Медициналық жабдықтар орнатылды. Қазір жиһаз жеткізіледі», - деді АМТ атқарушы директоры Вадим Басин.
Жаңа емхана тұрғын үй массивінде орналасқан. Бұған дейін адамдар дәрігерлердің қабылдауына бару үшін бірнеше шақырым жүруге мәжбүр болатын. Мекемеге 20 мың адамға дейін тіркеле алады.
Емхананың жанынан тағы бір нысан – дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Ғимарат сырты дайын, ішкі жұмыстар аяқталуға жақын.
Жеңіс Қасымбекті жаңа ғимараттардың жанындағы аумақты абаттандыру мәселесі қызықтырды.
«Асфальттаңыздар. Жаяу жүргіншілер жолын жасаңыздар, тұрақ жабдықтау мәселесін ойластырыңыздар. Айналасын да қараңыздар, адамдардың жүруі ыңғайлы болуы үшін жағдай жасаңыздар», - деді ол.
Облыс әкіміне жоба бойынша екі нысанның да аумағын абаттандыру қарастырылғанын және жұмыстар маусым айында аяқталуы тиіс екенін айтып сендірді.