Теміртауда жоғалып кеткен жасөспірім қыз бала 11 күннен кейін табылды

ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Қалалық жасөспірімдер істері жөніндегі полиция қызметкерлері үйінен кетіп қалған 16 жастағы қыз баланы тауып алды. Анасы баласын 11 күн бойы таба алмай жүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 қазанда Теміртау қаласы полициясының Шығыс бөлімінің кезекшісіне 35 жастағы қала тұрғыны жүгініп, 16 жастағы қыз баласын тауып беруді сұраған. Баласы осы жылдың 28 қыркүйегінде үйінен шығып кетіп, қайтпаған. Анасы баласын өзі іздеп таппай қойған көрінеді. Полиция қызметкерлері жасөспірімнің бұдан бұрын да үйінен қашып кетіп жүргенін анықтады.

«Жасөспірім қыз баланы іздеу жұмыстарына облыстың бүкіл полиция қызметкерлері атсалысты. Балаға қатысты мәліметтер жергілікті арналардың, әлеуметтік желілердің бәріне тараған. 9 қазанда полицияның Шығыс бөлімінің құқық қорғаушылары волонтерлермен бірге қыз баланы Теміртау қаласының көшелерінің бірінен тауып алды. Тексеру кезінде баланың денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ», - деп хабарлайды Қарағанды облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін бала анасына қайтарылды. Оның әкесі мен шешесі ажырасқан адамдар болып шықты. Көршілері аталмыш отбасы туралы жақсы пікір айтқан. Полиция қызметкерлері қазір оның не себепті үйінен кетіп қалғанын анықтауда.

Автор: Галина Скрипник