Теміртаудағы апаттық жаңа үйдің мәселесіне нүкте қойылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Мердігердің есебінен Теміртау қаласының 9-шы шағын ауданындағы проблемалық көпқабатты үй бұзылатын болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйдің құрылысын қабырғалардың жарылуына байланысты тоқтатуға тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мердігер құрылысты өз есебінен бөлшектейді. Содан кейін жаңа құрылыс басталады. Қарастырылған бюджет шеңберінде қайтадан саламыз. Мәселе мамыр айында анықталды. Егер қала басшылығы бірден басындағы жағдайды шешуге кіріскенде, кезекте тұрғандардың үмітін ақтар еді. Енді 50 отбасы биылғы жылы уәде етілген пәтерлерге кіре алмай қалды», - деп облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртаудың даму әлеуеті жөніндегі кеңесте шешім қабылдады.

Жиында тұрғын үй мәселесін шешу жолдары талқыланды.

Қала әкімі Ғалым Әшімовтың ақпараты бойынша, 2700 теміртаулық отбасы пәтер кезегінде тұр. Алға қойылып отырған міндет – 2025 жылға қарай көрсеткішті бір жарым есеге арттырып, 30 шаршы метрге дейін жеткізу болып отыр.

Келесі жылы кезекте тұрғандар үшін 4 «А» орамындағы 90 пәтерлік екі үйді тапсыру қажет. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға мүмкіндік бар. Ол үшін 500-ге жуық бос жер учаскелері бар, ал бюджет есебінен инженерлік инфрақұрылым жүргізілетін болады, деп хабарлады қала әкімі.

«Тұрғындар саны халықтың урбанизация есебінен өсуде. Көші-қон сальдосы оң. Кезекте тұрғандар аз болмайды. Қолжетімді тұрғын үй құрылысын бірнеше есе ұлғайту қажет», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі, сондай-ақ, аяқталмаған коммерциялық нысандарды анықтауды тапсырды. Ол 9 жыл бұрын салынған сауда орталығын мысалға келтірді.