Теміртаудағы Тұңғыш Президент Тарихи-мәдени орталығы жаңа жәдігерлермен толықты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Теміртауда Елбасының замандастарымен кездесті, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Тұңғыш Президенттің Тарихи-мәдени орталығында «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы!» атты салтанатты шара өтті.

Орталық ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылды. Экспозиция Астанадан жіберілген жәдігерлермен толықты. 

"Бұл мереке - Президентімізге оның даналы басшылығы, біздің қазіргі жарқын күндеріміз бен болашаққа деген сеніміміз үшін көрсетіліп отырған құрмет пен алғыстың белігісі. Елбасының іс-әрекеттері мен барлық бастамалары қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған. Біз барлығымыз Елбасының шешімдері қаншалықты даналы екенін көріп отырмыз. Елордамызды көшірудің өзін алсақ та. Кезінде бұл шешімге күмән келтіргендер қаншама болды, алайда уақыт барлығын өз орнына келтірді. Қазір Астана - әлемдік деңгейдегі елордасы болып отыр", - деді Ерлан Қошанов. «Біз Тұңғыш Президенттің өмірі Қарағанды облысымен байланысты екенін мақтан тұтамыз. Теміртау - оның жастық шағының қаласы. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жетекші, көшбасшы ретінде қалыптасты». 

Кездесуде Елбасының замандастары да  өткен күндерден қалған өз естеліктерімен бөлісті. 

«Мен Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыдым. Ол біздің жастық шағымыз өткен жылдар болатын. Сол кездің өзінде ол өзінің көшбасшылық қырларын көрсететін: тамаша шешен, философ болды, оқуда барлығын озып отыратын», - деп атап өтті ардагер-металлург Ермек Тілеубаев. 

Салтанатты шара барысында Президенттің сүйікті әндері және Нұрсұлтан Назарбаевтың жазған туындылары орындалған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Қонақтар жанына жылы, бұрыннан таныс әуендерді естіп, қол шапалақтап, әртістерге қосылып ән шырқады. 
Кездесуге келгендер орталықтың жаңа топтамасымен танысты. Оның қорында 3500-ден астам жәдігер бар. Жуырда елордадан жаңа заттар жеткізілді: 15 жәдігер - Президенттің жеке заттары, басқа мемлекеттердің басшылары және танымал саяси қайраткерлер сыйлаған сыйлықтар. 
Олардың арасында анағұрлым бағалысы - Қазақстан Конституциясының үлкен көркем басылымы. Мұражайға сонымен қатар танымал спортшы Александр Винокуровтың Президентке сыйлаған велосипеді берілді. Көрермендер Елбасының жеке спорттық жабдықтарын: тенниске арналған формасы мен ракеткасын да көре алады. 

Шара барысында «Сарыарқа төсіндегі кездесулер» кітабының тұсауы кесілді. Бұл Тарихи-мәдени орталықтың, Облыстық мұрағаттың және Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасының бірлесіп шығарған туындысы. Кітапта Елбасының 1990-шы жылдан 2018-ші жылға дейінгі аралықта Қарағанды облысына жасаған сапарлары туралы газет мақалалары мен мұрағат материалдар енгізілді. 

Тұңғыш Президенттің Тарихи-мәдени орталығының күрделі жөндеуіне бюджеттен 215 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілді.