Теміртаудағы жарылыстан зардап шеккен 7 адамның жағдайы белгілі болды

ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат - Теміртауда көпқабатты тұрғын үйде болған газ жарылысы салдарынан екі адамның денесін 70-80% күйік шалды. Зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Теміртау қаласының медициналық мекемелеріне 7 науқас жеткізілді. Оның ішінде денесінің көп бөлігін, шамамен 70-80% күйік шалған екі ересек адам жансақтау бөліміне жатқызылды.

Теміртау қаласының балалар ауруханасына газбен уланған 3 бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Реанимация бөлімдеріндегі науқастардың жағдайы «тұрақты ауыр» деп бағаланады», - деп хабарлады Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Бір бала медициналық көмек көрсетілгеннен кейін Қарағанды қаласының Облыстық балалар клиникалық ауруханасына жолданды. Аяқ-қолы күйген тағы бір бала амбулаториялық емделуге жіберілді.

Сондай ақ санитарлық авиация желісі бойынша Теміртау қаласына комбустиолог дәрігер жіберілді.

Еске сала кетейік, бүгін Теміртау қаласындағы бес қабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, 7 адам, соның ішінде 5 бала ауруханаға жеткізілген болатын.