Теміртаулық оқушы биыл күзде 70-тен астам тал екті

ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Теміртаулық он екі жасар экобелсенді Андрей Плотников биыл күзде 73 ағаш отырғызды. №16 жалпы білім беретін мектеп оқушысы – «Отражение» экологиялық қоғамдық бірлестігінің белсендісі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірлестік жетекшісі Елена Варганованың айтуынша, Андрей – үлгі тұтар бала. Баланың бастамасын оның отбасы қолдайды.

«Андрей біздің қаламызда өтетін барлық экологиялық акцияға қатысады. Барлығына қызығушылық танытып, өз көмегін ұсынады. Екі жыл бұрын Андрей атасымен бірге 30 қарағай көшетін әкелді. Олардың жартысы тамырланды. Осы күзде ол емен жаңғағы мен 20 емен көшетін әкелді. Оларды өзі отырғызды. Біз ағаштарға бірге қамқорлық жасаймыз және баптаймыз. Плотниковтар отбасына балаға қолдау көрсеткені және жақсы тәрбиелегені үшін алғыс айтамын», – дейді Елена Варганова.


Андрей қаланың экологиялық өміріне інісі Артемді және оның барлық сыныптасын тартады. Шеберлік сабақтарын, соның ішінде пластикті іріктеу бойынша сабақтар өткізеді. Бала Нұра өзенінің жағалауын тазарту акциясына да қатысты.


«Мен экология мәселесімен екі жылдан бері айналысып келемін. Адамдар табиғатқа зиян тигізбеуі үшін айналамыздағы әлем таза болуы үшін үлесімді қосқым келеді. Бізге таза ауа үшін ағаштар қажет, сондықтан мен оларды отырғызғанды ұнатамын. Болашақта эколог болғым келеді», – деді Андрей.