Теміртаулық оқушылар эко-челлендж бастады
Аймақ әкімдігінен мәлім еткендей, акция бастамашылары азаматтарды өз қаласын, ауласын көгалдандыруға шақырады. Оқушылар әлеуметтік желілер арқылы азаматтық белсенділікті арттырып, жасыл желектер отырғызуға барынша көп адам тартқысы келеді.
«№16 мектептің оқушыларымен бірге экологиялық челлендж жарияладық. Ағаш отырғызып, #дышиТемиртау хэштегі бар фото немесе бейнероликті әлеуметтік желілерге орналастыру қажет. Бұл қоршаған ортаға немқұрайлы қарамайтын адамдарды біріктіруге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - дейді педагог және тәуелсіз эколог Елена Варганова. Оның айтуынша, ағаштарды отырғызу дәстүрлі түрде 1 қазанда аталып өтетін қала күніне орай жақсы сыйлық бола алады. Ең белсенді көгалдандырушыларды ұйымдастырушылар сертификаттармен және сыйлықтармен марапаттауға уәде береді.