Ендігі жерде теміржол көлігі арқылы жүк тасымалдау қызметіне лицензия алу қажет. Осыған орай, теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Лицензиялау туралы» ҚР Заңына сәйкес өзгерту енгізіліп отыр.
Ағымдағы жылдың 4 маусымында қабылданған «ҚР Кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері жөнінде өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына енгізілген осы және өзге де нормалар ұлттық жүк және жолаушылар тасымалдаушылардың мәртебесін заң деңгейінде бекітуге және республика заңдарын халықаралық нормалармен үндестіруге бағытталған.
Сонымен, қауіпсіздікті басқару және оны бақылау жүйесін енгізуді көздейтін норманың заңмен қабылдануына байланысты, ендігі жерде жолаушылар мен жүк тасымалдаушылар оның көрсетіп отырған қызметі қауіпсіздік талаптарына толық сай екенін дәлелдейтін жүйені орнатуға міндетті.
Сондай-ақ, теміржол вокзалдарын техникалық жарақтандыруға және қызмет көрсету деңгейін арттыруға бағытталған нормалар да енгізілген болатын. Бұл нормалар теміржол вокзалдарының санаттылығын айқындайды, соған орай, вокзалдарда көрсетілетін міндетті қызметтердің көлемі анықталады.
Бұдан басқа автокөліктердің жолаушылар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында вокзал маңындағы аумаққа жауапкершілікті вокзал әкімшілігіне бекітіп беру көзделіп отыр.
Заңда мүмкіндігі шектеулі жандардың вокзал ғимаратына кедергісіз кіріп шығуын қамтамасыз ету үшін арнайы қондырғылармен жабдықтауды (пандус, дауыс зорайтқыштар, анықтамалық табло, Брайл әліппесін қолдану арқылы берілетін ақпараттар) вокзал әкімшілігіне міндеттелген.
Мұның сыртында, Көліктік инфрақұрылымын дамытудың 2014 жылға дейінгі бағдарламасы аясында инфрақұрылым операторын құру және оған магистральді теміржол желісін беру көзделген.