Теміржол билеттеріне енді интернет арқылы тапсырыс беруге болады

АЛМАТЫ. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржол билеттерін жеткізуде жаңа қызмет енгізді, деп хабарлайды компания.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2010 жылғы шілденің 20-сынан бастап тұтынушыларға интернет арқылы рәсімделген билеттерді жеткізу ақылы қызметін енгізді. Бұндай жоба алғаш рет қолданылып отырғандықтан, әлі де жетіле түседі», - делінген сейсенбі күні таратылған баспасөз баянында.

Ақпаратқа сәйкес, жол жүру құжаттарын жеткізу бастапқы кезде Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асырылады, кейін бұл қызметке республиканың басқа қалаларында да қол жеткізуге болады.

Теміржол билеті курьер арқылы қала шеңберіндегі үй, кеңсе және қонақ үйге жеткізіледі. Әзірше бұл қызметке жұмыс күндерінде ғана жүгінуге болады.

Интернет арқылы билет рәсімдеу тәулік бойы, ал оны жеткізу дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 11.00-ден 19.00-ге дейін жүзеге асырылады.

Билет жеткізуге тапсырыс пойыз қозғалуына бір тәуліктен кем емес уақыт қалғанда сағат 9.00-ден 21.00-ге дейінгі уақытта қабылданады. Пойыз жүруінен кемінде 6 сағат бұрын билет жеткізілуі тиіс, делінген хабарламада.

Астана мен Алматы қалаларында теміржол билетін жеткізу құны 600 теңгені құрайды.