12:17, 17 Маусым 2009
Теміржол төсендісін жөндеуге бөлінген 138 млн. теңгені қалтаға басқан директор қамауға алынды ? Қаржы полициясы
АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Компания Жол жөндеуші» ЖШС-ның Атыраудағы филиалының атқарушы директоры теміржол төсендісін жөндеуге бөлінген 138 млн. теңге бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айыппен қамауға алынды.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қаржы полициясының қызметкерлері аталмыш серіктестіктің Атыраудағы Жол жөндеу дирекциясы атқарушы директорының Атырау-Гонюшкино және Құлсары-Мақат учаскелеріндегі теміржолдарды жөндеуге бөлінген 138 млн. теңгені талан-таражға салғандығын әшкерелеген.«Мәселен, аталған учаскелердегі теміржол төсендісін күрделі жөндеуден өткізу үшін 7 200 шпалды ауыстыру қарастырылған. Оған қажетті жаңа шпалдар тапсырыс арқылы алынған. Алайда тексеріс барысында жөндеу кезінде жаңа шпалдардың орнына қолданыста болған, стандартқа сәйкес келмейтін шпалдар пайдаланылғандығы анықталды», - дейді М.Жұманбай.