Теміржолшы шабандоздар батыр бабалардың ерлік жолымен өткен веломарофонға қатысты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Волгоградта Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған веломарафон мәреге жетті, деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.

Аса ауқымды вело марафонды Қазақ теміржолшылары кәсіподағының «Авангард» спорт клубы ұйымдастырып ол шараға Ақтөбе, Алматы, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлері мен Астанадан 11 теміржолшы велосипедшілер қатысты. Олар әр мезгілде Хабаров, Брест, Севостополь қалаларынан үш бағдар бойынша шығып, Волга жағалауындағы батыр қалада бас қосты. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еңбеккерлері маусымның 28-інде ресейлік достарына қосылды. Бұл жарысқа кез келген үміткер қатыса алатын еді.

Қазақстан аумағындағы веломарафонға 200 адам қатысты. Теміржолшы велосипедшілер өздері жүрген жерлерінде ержүрек жауынгерлердің монументтеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, ардагерлермен кездесулер өткізді.

Марафон атақты Мамаев қорғанында аяқталды. Веломарафоншыларды Ресей, Қазақстан, Беларусь темір жол саласының кәсіподақ жетекшілері қарсы алды.

«Біз бұл бастамашылық идеяға шын мәнінде риза болдық. Халықаралық ауқымдағы спорттық шара бауырлас елдер арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі ынтымақтастыра түседі», - деп атап өтті Қазақстанның темір жол, автожол, әуе және су көлігі салалық кәсіподағының төрағасы Оразғали Ахметбаев.

«Осындай керемет марафонға қатысқаныма өте қуаныштымын. Біздің команда құрамында машинистер, жолсеріктер, электромеханиктер бар. Біз тәулігіне жүздеген шақырымдарды жүріп өттік. Нөсер жаңбыр мен шақырайған күннің астында жүру оңай болған жоқ. Бізді барлық жерде құшақ жая қарыс алды», - деп ағынан жарылды команда капитаны Қарағанды вагон пайдалану депосының инженері Александр Спасюк.

Кездесулерге қатысушылар мұндай спорттық шаралар салауатты өмір салтын насихаттау үшін ғана емес, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің жолы екендігін қуаттады.