Теміржолшылар бір күндік жалақыларын Жаңаөзендегі жол апатынан зардап шеккендерге аударды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ орталық аппараты басшылық құрамы, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ құрылымдық бөлімшелері, Магистральдық желі дирекциясы еңбеккерлері бір күндік жалақыларын Маңғыстау облысындағы Өзен-Болашақ теміржол өткелінде көлік апатынан зардап шеккендерге аударды.

 Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш қаржы қаржы зардап шеккендердің дәрі-дәрмегіне және емделуіне жұмсалуда.  Емдеу орындарына дәрі-дәрмекті Маңғыстау жол бөлімшесінің еңбеккерлері жеткізіп жатыр.

«Теміржолшылар әріптестері қиындыққа тап болғанда қолұшын беруден тыс қалған жоқ. Апаттан зардап шеккендерге тиісті көмектер берілді. Ендігі жерде біз олардың білікті дәрігер мамандарға қаралуына, тезірек жазылып кетуіне жәрдемдесудеміз»,-дейді «Қазкөліккәсіп» ҚБ басшысы О. Ахметбаев.

Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 20 миллион теңгеніқайғылы оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына аударған болатын.