Теміржолшылардың балалары жазғы лагерге жолдама алды
15:27, 19 Маусым 2009
АҚТАУ. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова / -
Каспий өңіріндегі теміржолшылардың балалары жазғы лагерге жолдама алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде теңіз жағалауында орналасқан «Фламинго» жазғы демалыс-сауықтыру лагері осымен үшінші жыл қатарынан теміржолшылардың балаларын қабылдауда.Биылғы жазғы маусымда 4 лек болып лагерьде Маңғыстау мен Атырау облыстарынан 540 бала демалмақ. Лагерь бір жолы 330 адамды қабылдай алатын болса, соның 135-і маңғыстаулық теміржолшылардың балалары. Ал Атыраудан балалар келесі ауысымда келмек.«Биыл Маңғыстау жол бөлімшесіне лагерьге тек 200 жолдама бөлінді. Атырауға берілген орын - 340. Жолдама теміржолшылар санының үлес салмағымен есептелген. Өйткені, Маңғыстауда 2500 теміржолшы болса, Атырауда 6000 адам жұмыс істейді. Біз ең бірінші кезекте желі бойындағы шалғайдағы теміржолшылардың балаларын қамтуға күш салдық. Мәселен, 135 баланың 68-і Бейнеу, Ақжігіт, Опорный, Үстірт, Сай Өтес, Шетпе сынды бекеттер мен стансалардан. Барлық балалардың лагерьге дейін және қайтар жолы тегін. Лагерь маусымы кезінде балаларға бас-көз болу үшін Алматыдан екі үйлестіруші келді»,-дейді Маңғыстау облысы бойынша Кәсіподақ комитеті Батыс филиалының сарапшысы С.Лахова.