Темірлан Анарбековтің сейві Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі үздік ондыққа енді
АСТАНА. KAZINFORM — UEFA-ның Instagram парақшасындағы ресми аккаунты Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі қақпашылардың үздік он сейвінің тізімін жариялады.
Бұл тізімде қазақстандық «Қайрат» командасының қақпашысы Темірлан Анарбеков те бар. Оның Данияның «Копенгаген» клубына қарсы кездесудегі сейві мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Сол сәтте ол қақпаның алыс бұрышына бағытталған соққыға тойтарыс берді.
Темірлан Атырауда 2003 жылы 14 қарашада дүниеге келген. 2017 жылғы қарашадан бастап ол «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі атанды.
2020 жылы небәрі 17 жасында Анарбеков Премьер-лигадағы алғашқы ойынын «Таразға» қарсы өткізді.
2022 жылы ол Бірінші лигада ойнайтын «Қайрат-Жастар» командасының капитаны болды. Ал 2024 жылғы маусымда астаналық «Жеңісте» жалға ойнап, командамен бірге Лига кубогының финалына дейін жетті.
Айта кетсек, негізгі кезеңде «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3, Бельгияның «Брюггесііне» 1:4, Англияның «Арсеналына» 2:3 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.
Сонымен қатар, UEFA Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне қатысушы командалардың қақпашылары жасаған сейвтер саны бойынша жарияланған статистикалық деректерге сәйкес ол көшбасшылар қатарына енді.
Аталған турнирдің сегіз турынан кейін Темірлан Анарбековтің еншісіне 36 сейв жазылған, бұл — барлық қатысушы команда қақпашылары арасындағы үшінші көрсеткіш.