Теміртау маңындағы тас жолда 50-ге жуық көлік кептеліп қалды

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды ​​облысында ауа райы күрт нашарлады. Қарлы боран салдарынан Қарағанды-Теміртау тас жолы жабылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Сағат 00:30-дан бастап Қарағанды-Астана бағытындағы көлік қозғалысы шектелді.

— 2 қаңтарда ауа райының нашарлауына, жанама жел мен қарлы боранға байланысты Алматы-Екатеринбург тас жолында Қарағанды ​​қаласынан Ақмола облысына қарай сағат 00:30-дан бастап көлік қозғалысы шектелді. Қазір төлем терминалында 50-ге жуық көлік тұр. Құрметті көлік жүргізушілері, ауа райының нашарлауына байланысты алыс сапарға шықпауларыңызды сұраймыз, - деп хабарлады Қарағанды ​​облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысында бірнеше жол ашылғанын хабарлаған едік.