Теміртауда көпқабатты тұрғын үйдің шатыры опырылып түсті
ТЕМІРТАУ. KAZINFORM – Теміртауда көпқабатты тұрғын үйдің шатыры құлады. Оқиға орнынан видео әлеуметтік желілерде тарап жатыр.
Аталмыш тұрғын үй 1956 жылы пайдалануға берілген. Опырылған шатыр қазіргі уақытта бос тұрған пәтер үстінде болған, онда ешкім тұрмайды. Сол себептен оқиға барысында зардап шеккендер болған жоқ, бірақ шатырдың зақымдалуы көршілес пәтерлердегі тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды.
Теміртау әкімішілігі түсіндіргендей, сараптама жүргізілмей жөндеуге кірісу мүмкін емес.
– Жөндеу жұмыстарын бастау үшін техникалық тексеру және жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. Тексеруден кейін, егер үй апатты деп танылмаса, жөндеу жұмыстары жүргізілу мүмкіндігі қарастырылады, - деп хабарлады қала әкімішілігінде.
Мамандарға құрылыс конструкцияларының нақты жағдайын, тозу дәрежесін және ғимаратты ары қарай пайдалану кезінде болуы мүмкін тәуекелдерді бағалау тапсырылған. Осы деректер негізінде ғана келесі әрекеттер туралы шешім қабылданады.
Тексеруден кейін үйге ресми мәртебе беріледі. Егер ғимарат апатты деп танылмаса, билік қалпына келтіру жұмыстарын, оның ішінде шатырды жөндеу мүмкіндігін қарастырады. Шешімдер қолданыстағы заңнама аясында қабылданады.
Қазіргі уақытта тұрғындар сараптама қорытындысын күтіп отыр. Кейін сол бойынша үйдің тағдыры мен оның ары қарай қауіпсіз пайдаланылуы анықталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астананың Алматы ауданында, Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіштен жасалған сыртқы қаптама мен кондиционер қондырғысы құлап, 5 адам зардап шеккенін жазған болатынбыз.