Теміртауда өртке оранған пәтерден 84 жастағы әже құтқарылды

Фото: Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысының өрт сөндірушілері дер кезінде келіп, оқыс оқиғаға тап болған әйелді құтқарды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

— Теміртау қаласы Менделеев көшесі бойында үш қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерде қоқыс өртенді. Өртті сөндіру жұмыстары барысында құтқарушылар пәтерден 1940 жылы туған әйелді құтқарып, үйден табылған 1 газ баллонын қауіпсіз аймаққа шығарды. Оған медициналық көмек қажет болмады. ТЖМ күшімен жану толығымен сөндірді, — делінген хабарламада.

ТЖМ азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ШҚО-да пеш жағып отырған 11 мыңнан астам үйде қауіпсіздік ережелері сақталмаған.