Теміржол инфрақұрылымының тозу деңгейі жоғары — Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай шекарасынан Каспийге дейін жүктерді жеткізу уақыты осы жылдың соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
— Транзиттік әлеуеттің қарқынды дамуына кейбір қолайсыз факторлар әсер етіп отыр. Теміржол инфрақұрылымының тозу деңгейі жоғары болып тұр. Жүк пойыздарының жылдамдығы орта есеппен сағатына — 38 шақырым. Бұл ТМД елдеріне қарағанда жылдамырақ болғанымен, дамыған елдерден баяу, — деді О. Бектенов.
Сондықтан магистральдық теміржол желісін жаңғыртуға арналған кешенді бағдарламаны іске асыру барысы тұрақты бақылауда.
— Биыл жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысын және 2 900 шақырым жолды жаңғырту жұмыстарын аяқтаймыз. Бұл транзиттік тасымал көлемін 60%-ға ұлғайтуға, ал транзиттік контейнерлік пойыздардың жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қытай шекарасынан Каспийге дейін жүктерді жеткізу уақыты осы жылдың соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Үкімет Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуге кіріскенін жазған едік.