Теміржол саласындағы ірі жобалар қашан пайдалануға беріледі

Фото: Primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Теміржол желісінің тозу деңгейі 57 пайызға жетті. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.

— Теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы 16 мың шықырым. Тозу деңгейі 57 пайызды құрады. Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Осы проблемаларды шешу үшін 2029 жылға дейін 5 мың км жаңа жол құрылысы мен жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар, 11 мың км жолдың жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Қазіргі кезде 5 жоба бойынша жаңа құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар: «Достық — Мойынты», «Алматы айналма теміржолы», «Дарбаза — Мақтаарал», «Мойынты — Қызылжар» және «Бақты — Аягөз». Осы жылы мерзімінен бұрын екі ірі жоба аяқталады: «Достық — Мойынты» учаскесі және Алматы айналма теміржолы, — деді Н. Сауранбаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, келесі жылы «Мойынты — Қызылжар» және «Дарбаза — Мақтаарал» жаңа теміржолдары іске қосылады. Сонымен бірге, биыл 3 мың км теміржол учаскелерінде толық модернизация басталды. Бұл жұмыстар жаңа жолдарды салумен тең. Мысалы, «Қызылжар — Сексеуіл» учаскесінің өткізу қабілеті 8 пойыздан 25 пойызға дейін, ал «Қандыағаш — Тобыл» 7-ден 25-ке дейін көтеріледі.

Еске салсақ, жақында Астана соты жаңа вагон сатып алмаған теміржол компаниясын субсидиядан айырды.