Temu АҚШ-тағы табысының күрт төмендегенін хабарлады
АСТАНА. KAZINFORM - Temu бюджеттік маркетплейсінің иесі PDD Holdings соңғы тоқсанда АҚШ-тағы табысының шамамен 40%-ға азайғанын мәлімдеді.
Холдингтің ресми есебіне сәйкес, Temu-дің 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы АҚШ-тағы пайдасы 2,22 миллиард долларды құрады. Бұл 2024 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 38%-ға төмен. Мамандар мұндай күрт құлдырауды Трамп енгізген салықтармен байланыстырады.
Атап айтқанда, биылғы сәуір айында АҚШ президенті 800 доллардан төмен болатын тауарларға салық салынбайтын de minimis заңын жойды. Бұдан кейін Трамп әкімшілігі Қытайдан келетін импорттық тауарларға салынатын салықты 145%-ға дейін күрт көтерді. Бұған жауап ретінде Temu АҚШ аумағында Қытайдан тікелей жеткізілетін тауарларды сатудан бас тартты. Оның орнына, компания енді тек АҚШ қоймаларында орналасқан тауарларды ғана америкалық тұтынушыларға ұсынатынын мәлімдеді.
PDD Holdings компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі қосалқы атқарушы директоры Ли Чэньнің айтуынша, Temu табысының күрт төмендеуіне Қытай ішкі нарығындағы бәсекелестіктің күшеюі де әсер еткен.
Айта кетейік, Temu-дің Қазақстандағы табысы туралы PDD Holdings ешқандай есеп бермейді. Биылғы жылдың басында «Ақ жол» партиясының депутаттары бұл мәселеге назар аударып, шетелдік маркетплейстерден қосылған құн салығын (ҚҚС) алуды ұсынды. Олар тек 2023 жылы ғана мемлекет қазынасына шетелдік платформалардан ҚҚС түріндегі 60 млрд теңгеден астам қаражат түспегенін айтты.
2025 жылдың ақпан айында Temu басқа шетелдік маркетплейстермен бірге Қазақстанда салықтық тіркеуден өтті. Дегенмен, қазақстандықтардың бұл сауда платформасына қаншалық табыс әкеліп отырғаны туралы ашық әрі нақты есептер әлі күнге дейін жарияланған жоқ.