Temu, Valve, Apple – Қазақстан бюджетіне ең көп салық төлеген шетелдік платформалар белгілі болды

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов шетелдік интернет платформалардың Қазақстан бюджетіне қанша салық төлегенін мәлім етті.

- Қазақстанда 116 шетелдік компания платформасын тіркеді. Оның 18-і биыл тіркеуге тұрды. Оның ішінде телебағдарламалар ұсынатын Okko компаниясы да бар. Олар да салық төлейді. Графикалық дизайнмен айналысатын Canva компаниясы да бізге салық төлеп отыр. Бұл биыл тіркелгендердің ішіндегілер, - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, шетелдік интернет платформаларды салық төлеуге міндеттейін норма енгізілгеннен бері бюджетке 111 млрд теңге түскен.

- Оның ішінде 2025 жылы 41 млрд теңге төледі. Ірі салық төлеушілер ретінде 6 млрд теңге төлеген Temu компаниясын атап өте аламын. Сондай-ақ, Apple мен Google 5 млрд теңгедей салық төледі.

Биылдың өзінде киім сататын Next сияқты компаниялар жақсы салық төлей бастады деп айтуға болады. Ол 280 млн теңгеден астам салық төледі. Құрамына Alibaba.com, 1688, TaoBao сайттары кіретін Alibaba тобы 140 млн теңгеден астам салық төледі. Олардың мүмкіндіктерін Temu компаниясымен салыстырсақ, келешекте олар да қомақты салық төлейді деп күтуге болады, - деді Талғат Әділов.

Дегенмен комитеттің баспасөз қызметі Kazinform тілшісіне ең көп салық төлеген шетелдік платформалардың алғашқы үштігінде Google компаниясы жоқ екенін нақтылап мәлім етті.

Комитеттің ресми мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері ең көп салық төлеген үш платформа мыналар:

Temu – 6,2 млрд теңге;

Valve corporation – 5,3 млрд теңге;

Apple – 5,2 млрд теңге.

Еске салсақ, шілде айныда Еуроодақ Temu-ды цифрлық қызметтер туралы заңды бұзды деп айыптаған еді.

Ал Өзбекстан 20 наурыздан бастап өз аумағында Temu бұғатталатынын мәлімдеген.