«Тендерде жеңіске жет» ілкі жобасы әріптес банктер қолдау көрсетуге ынталы болса, алдағы уақытта да өз жалғасын табады- Ғабит Лесбеков

Фото: None
АЛМАТЫ. 20 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі  2004 кәсіпкер тендерге қатысуға байланысты арнайы тренингтен өтті.

Оны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғабит Лесбеков бүгін Алматыда «Тендерде жеңіске жет» жобасының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты.

«Даму қоры БТА банкімен бірлесіп 23 сәуір мен 16 маусым аралығында «Тендерде жеңіске жет» деп аталатын оқыту-консалтингтік жобасын жүзеге асырды. Оған шағын және орта бизнес секторында жұмыс жасайтын 2004 кәсіпкер қатысты. Онда олар тендерге қатысуға байланысты қандай білім мен  құжаттамалар және  оларды жүзеге асырудың қыр-сырын меңгеріп шықты», - дейді Ғ.Лесбеков.

Бұл шара барысында Қостанай (225 кәсіпкер), Қызылорда (171 кәсіпкер) облыстары мен  Астана қаласының (166 кәсіпкер) бизнес қоғамдастығы өкілдері айтарлықтай белсенділік танытты. Ал  Оңтүстік Қазақстан облысы (161 кәсіпкер) мен Алматы қаласы (160 кәсіпкер) үздік бестікті түйіндеді. Ғабит Әбдімүтәліпұлының айтуынша, биыл ілкі жоба ретінде жүзеге асырылған. Қор  енді басқа әріптес банктер тарапынан қызығушылық болып жатса,  оны алдағы уақытта одан  әрі жалғастырмақ.