Тендердің барлығы дер уақытында өтпейді деу жаңсақ пікір - Есеп комитеті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тендердің барлығы дер уақытында өтпейді деу жаңсақ пікір. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин мәлім етті.

«Менің ойымша, тендердің барлығы өз уақытымен өткізілмейді деуге болмайтын шығар. Тендерлердің көпшілігі өзінің жоспарланған мерзімінде өткізіледі. Бірақ, кеш өткізілетін тендерлер де бар», - деді ол.

Комитет басшысының айтуынша, кейбір тендерлердің қорытындысын сот арқылы жойылуы да кездеседі.

«Жергілікті органдардың қызметіне жасаған талдауымызда көзімізге түскен кемшіліктердің бірі - тендер өткізу уақытының өзгертілуі. Оның себебі біріншіден, тиісті құжаттамалар уақытында дайындалмайды. Мәселен, инвестициялық жоба жасау үшін тендер өткізу уақыты белгіленген. Бірақ оның техникалық-экономикалық негіздемесі немесе жобалау-сметалық құжаттамалары жоқ. Тағы да тиісті құжаттамалары дайын болмайды. Соған байланысты тендердің уақыты кейінге, басқа уақытқа шегеріледі», - деді Қ.Жаңбыршин.

Оның атап өтуінше, осы аралықта жобаның құны көтеріліп кетеді. «Бірақ, тендердің барлығы уақытында өткізілмейді деп айту, меніңше, қате», - деді ол.