Теңге бағамының әлсіреуіне қатысты алғышарттарды көріп тұрған жоқпыз – вице-министр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов теңге бағамына әсер ететін жағдайларды атады.
- Валюта бағамы үнемі іргелі факторларға, ең алдымен, төлем балансына тәуелді. Қазақстанның экспорттық позициялары жоғары бағада болса, экспортымыз өсіп, теңге нығаюы мүмкін. Валюта бағамына тағы не әсер етеді? Бұл ретте инфляция, экономикадағы пайыздық мөлшерлемелер деңгейінің ықпалы бар. Ал іргелі факторлар тұрғысынан біз девальвацияға қатысты ешбір негізді көріп тұрғанымыз жоқ. Қазіргі бағамның деңгейі түбегейлі негізделген деп есептейміз. Мысалы, бір аптада немесе бір айдан кейін мұнай құны 10 долларға қымбаттауы немесе 10 долларға арзан болуы мүмкін. Бұл тұрғыда бағамға ықпал етеді, - деді Арман Қасенов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, мұнай бағасы мен теңге, рубль сияқты валюталардың айырбас бағамы арасында байланыс бар, тіпті канадалық доллар да мұнай бағасына тәуелді. Бұл өз кезегінде қалыпты жағдай. Іргелі факторлар өзгерген жағдайда, бағамға әсер етуі керек.
- Дегенмен, мұнай бағасының қазіргі деңгейінде бағамының әлсіреуі үшін ешқандай алғышарттарды көріп тұрған жоқпыз, - деді вице-министр.
Еске салсақ, таяуда Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындысы бойынша, 1 доллардың теңгеге шаққандағы бағамы төмендеді.
13 ақпанда Астана мен Алматы қалаларындағы ақша айырбастау пункттерінде доллар 502 – 509 теңгеден саудаланып жатыр.