Теңге бағамындағы өзгеріс коммуналдық қызмет бағасына әсер етпейді - Астана

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағасының көтерілуі коммуналдық қызмет бағасына әсер етпейді.

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінде өткен жиында мәлім болды. Жергілікті билік өкілдері, бақылаушы органдар, сауда орталықтары мен базар қызметкерлері жасанды жолмен тауар бағасының көтерілуіне жол бермеудің амалын қарастырды.

«Қазір негізсіз тауар бағасын көтеріп отырған кәсіпкерлер бар. Тауардағы баға мен кассадағы баға сәйкес келмейді. Ал, тұтынып отырған тауарымыздың басым бөлігі отандық өндірістікі. Сондықтан мұндай бассыздықпен қатаң күрес жүргізуді бастап та кеттік»,- деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсайын Нағаспаев.

Теңге бағамының өзгерісін пайдаланып, пайдаға кенелемін деген кәсіпкердің мәселесі қатаң қаралатын болады. Азық-түліктен бөлек тариф бағасын ұстап қалу жоспары да әзірленді. Айта кетейік, қала әкімдігі күн сайын негізгі тауарлардың бағасын бақылап отырады, деп хабарлайды astana.kz.