Теңге бағамындағы өзгерістерге қарамастан халық өз қаржысын банктерге салады - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теңге бағамының өзгеруінен кейінгі дүрлікпе мен екінші деңгейлі банктерге сенімсіздіктің кейбір белгілеріне қарамастан адамдар бәрібір өздерінің қаржыларын біреуіне болмаса, екінші банкке салатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанғазиев мәлім етті.

«Соңғы кезде халық дүрліккенімен, бәрібір адамдар өздерінің қаржысын үйлерінде сақтай алмайды. Халық өздерінің жинағын бір банкте болмаса, екінші банкке салатын болады», - деді ол.

Оның пайымдауынша, банктер шағын және орта бизнесті қаржыландыру саясатын жалғастырады. Сондықтан да бұл банктік қызметте негізгі табыс көзі, яғни несиелер арқылы жұмыстарын жалғастырады.

«Теңге бағамының өзгеруі негізінен импортпен айналысатын немесе тауардың өзіндік құны құрылымында импорттық құрамдауыш көп компанияларға әсер етті. Алайда бізде бизнестің басқа да түрлері бар. Елімізде өңдеуші өнеркәсіп, қызмет көрсету саласы бар және бәрібір нарықта, сондай-ақ осы тауарларға қажеттілік бар және бұл айналым жалғасатын болады», - деді Қ.Сұлтанғазиев.