Теңге бағамының төмендеуі ЖІӨ өсіміне әсер етеді - Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теңге бағамының төмендеуі жалпы ішкі өнім өсіміне әсер етеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

«Бұл шара бүгінде әлемдік нарықта көршілерімізде орын алып жатқан жайттардың салдары әрі біздің экспортшыларымыздың бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін қажет», - деді ол.

Оның атап өтуінше, ҚР Үкіметі ел дамуының негізгі макро және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің құнсыздану әсеріне бағалау жұмыстарын жүргізген.

«Біздің бағалауымызша, девальвация ЖІӨ өсіміне әсер ететін болады. Өйткені, тауарын экспортқа жіберетін өндірушілеріміздің экспорттық түсімдері көбейетін болады, сауда балансына да әсер етеді. Мұның тікелей әсерінен әрине, бюджетке де түсімдер көтеріледі. Бұған қоса ол біздердің шет елдердегі дипмиссияларымыздың қарыздарына, қаржыландырылуына қызмет көрсетуге арналған шығыстарын арттырады. Дегенмен де девальвациядан кейін бюджетке қосымша түсімдер өсімі қосымша кірістер өсімінен асып түсетіндігі болжануда», - деді Б.Сұлтанов.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Ұлттық банкі 2014 жылдың 11-ақпанынан бастап теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, валюталық интервенциялардың көлемін азайтудан, теңгенің айырбас курсын құру процесіне араласудан бас тарту туралы шешім қабылдағанын жария еткен еді. Сондай-ақ теңге курсының жаңа бағамы 185 АҚШ доллары төңірегінде болатындығын хабарлаған-ды.