Теңге еркін айналымға шыққан соң, валютамен алыпсатарлық әрекет жасау келмеске кетеді - Қ. Келімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теңге еркін айналымға шыққан соң, валютамен алыпсатарлық әрекет жасау келмеске кетеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, енді нарық жағдайында теңгенің бағамына қатысты түсінбеушіліктер орын алмайды.

«Теңге еркін айналымға шыққан соң, валютамен алыпсатарлық әрекет жасау келмеске кетеді. Теңгенің бағамы ашық, түсінікті жағдайда қалыптасады. Ақша айырбастау пункттері өз беттерінше көтеріңкі валюта бағамын қоя алмайды. Және ең , Қазақстан жаңа ақша-несие саясатына көшіп, инфляциялық таргеттеу режімін орнатқан соң, экономика біртіндеп долларсыздандырыла бастайды. Мысалы, осы инфляциялық таргеттеу режіміне көшкен Австралия, Жаңа Зеландия, қала берді Польша мен Ресейде экономика елеулі түрде долларсыздандырылды. Біз үшін экономиканы долларсыздандыру - орта мерзімдік міндет. Біз оны кезең-кезеңмен орындап жатырмыз», - деді Қ. Қелімбетов.

Сонымен қатар, ол елімізде екінші дәрежелі банктердің соңғы жылдары негізінен халыққа несие берумен емес, валюталық операция жасаумен айналысып келгендігін ашық айтты.

«Мен банктердің бұл әрекеттеріне жақсы немесе жаман деп айдар таққым келмейді. Бірақ ашығы сол, банктер «ақша тағы да құнсыздануы мүмкін» деген оймен соңғы жылдары негізінен халыққа несие берумен емес, валюталық операциялар жасаумен айналысып келді. Соңғы уақытта несие беру азайып, олардың пайыздық мөлшерлемелері керісінше артып кетті. Біз соңғы екі жыл ішінде екінші дәрежелі банктерге Ұлттық банк, бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры, СВОП операциялары арқылы шамамен 2 трлн. теңге өтімділік беріппіз. Ал бұл ақшалар валютаға айналып жатты. Сонымен қатар, банктердің клиенттері де өз депозиттерін долларлық депозиттерге айналдырумен болды. Міне осындай тұйық шеңбер қалыптасты. Біз бүгін осы шеңберді бұздық. Енді ешкім «баға әкімшілік тараптан белгіленді», - деп айта алмайды. Енді бағаны нарық белгілейді. Енді алдағы бір аптадай уақыт теңгенің бағамы біресе жоғары, біресе төмен түсуі мүмкін. Ал одан кейін шынайы сұраныс пен ұсыныстың нәтижесі бойынша анықталады», - деді Қ. Келімбетов.

Бұдан өзге, бас банкир теңгенің еркін айналымға шығу шағын және орта бизнес саласына да оң әсер ететіндігін жеткізді.

«Банктердің басты қызметі тұтынушыларды несиемен қамтамасыз ету екені белгілі. Енді ҚР Ұлттық банкі тұңғыш рет екінші дәрежелі банктерді жүйелі негізде өтімділікпен қамтамасыз етуші басты органға айналады. Яғни енді негізінен біркүндік мөлшерлемелер қойылады. Солар арқылы қаржы институттары алыс-беріске, яғни қаржы көздеріне қол жеткізе алады. Өтімділік мөлшерлемесін басқару арқылы банк секторындағы несие мөлшерлемелерін басқаруға қол жеткізіледі. Демек, несиелер шағын және орта бизнес субъектілері үшін қолжетімді бола түседі деген сөз», - деп сөзін түйіндеді Қ. Келімбетов.