Ұлттық банктің атап өтуінше, елімізде қолма-қол ақшасыз төлем инфрақұрылымының қарқынды дамығанына қарамастан айналымда қолма-қол ақша динамикасы да тұрақты түрде өсім көрсетіп отыр. Қолма-қол ақшаның орташа жылдық өсім қарқыны соңғы 5 жылдың ішінде 9,9 пайызды құрады.
«Ұлттық банк жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, негізінен төлемді қолма-қол ақшамен жасауды қалайтын халықтың үлесі шамамен 60 пайызды құрайды», - деп атап өтеді Ұлттық банктің баспасөз қызметінен.
Бұл ретте еліміздің өңірлері арасындағы айырмашылық да айталықтай жоғары: қолма қол ақшаны Атырау (81 пайыз), Павлодар (77), Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары (74) жиі қолданса, ал ең аз қолданатыны – алматылықтар (36).
«Зерттеу нәтижесі қолма қол ақша халық пен экономика субъектілері арасында маңызды төлем құралдарының бірі ретіндегі позициясын сақтап отырғанын көрсетті», - деді Ұлттық банктен.
Теңгенің алғашқы партиясы елімізге Ұлыбританиядан жеткізілген болатын. Ал 1995 жылы Қазақстанның өзінің ұлттық валюта басып шығаратын фабрикасы іске қосылды. Қазіргі уақытта елімізде теңге банкноттары мен тиындар Алматыдағы Банкнот фабрикасында және Өскемендегі Қазақстан Теңге сарайында басып шығарылады.
Теңге сарайы айрықша маңызға ие мемлекеттік нысандар қатарына жатады. Ол 1993 жылы құрылған және әртүрлі технологиялық учаскелерден тұрады. Оның ішінде дайындау, құрал-сайман, гальваникалық, термиялық, штамптау және қалыптау бөлімдері, сонымен қатар қосалқы өндіріс пен қоймалар. Кәсіпорын Германия мен Швейцарияның жетекші компаниялары шығарған өнімділігі жоғары жабдықтармен жасақталған. Оған бөгде адамдардың кіруіне қатаң тыйым салынады. Сондықтан суреттерді бізге қызметкерлердің өздері ұсынды.
Кәсіпорынның негізі мақсаты - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкісінің түсті металдардан, алтын мен күмістен жасалған айналыстағы, инвестициялық және коллекциялық монеталарға, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік наградалар дайындауға тапсырысын орындау.
Бүгінде Теңге сарайы өзінің сипаттамалары бойынша мысалы, Еуропа немесе Америкада қолданылатын тиындарден кем түспейтін ұсақ монеталармен Қазақстанды толық қамтамасыз етіп отыр.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан Теңге сарайында қазіргі таңда аталған өндіріс нысанының үздіксіз жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ететін 300-ден астам қызметкер жұмыс істейді.
«Елімізде қолма-қол ақша айналымын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ арқылы олардың сұраныстарына сәйкес күн сайын қолма-қол ақша шығаруды және алуды жүзеге асырады. 2024 жылдың 25 шілдесіндегі жағдайға қарағанда, Қазақстанда айналымға шығарылған банкноттар мен монеталардың жалпы номиналды сомасы 4,4 трлн теңгені құрады (оның ішінде: банкноттар – 4,3 трлн теңге, монеталар – 100 млрд теңге)», - деп мәлім етті Ұлттық банктен.
Қолма-қол ақшаны жасау процесі дизайн әзірлеу, арнайы материалдарды сатып алу (мысалы банкнот үшін арнайы қағаз бояулар сатып алу, дайындаманы шығару, кескіндер мен қорғау элементтерін қолдану, сондай-ақ басқа да кезеңдерді қамтитын күрделі өндірістік цикл саналады. Өндіріс процесінің барлық кезеңін ескере отырып, банкноттарды дайындау бір жылға дейін созылуы мүмкін. Монетаны дайындау орта есеппен 6 айға дейін созылады.
Теңге монеталарының сериясы 1, 2, 5, 10, 50, 100 және 200 теңгелік номиналдармен ұсынылған. Номиналы 100 және 200 теңгелік монеталар екі түстен тұрады. Бұл монеталар ақ түсті «нейзильбер» қорытпасынан және сары түсті «нейзильбер» қорытпасынан жасалады. Номиналы 50 теңгелік монеталар нейзильберден соғылады. 1, 2, 5, 10 және 20 теңгелік монеталар мыс-никель қорытпасымен қапталған болаттан әзірленеді. Айта кетерлігі, айналымдағы монеталарды шығарудың бұл әдісі әлемнің көптеген елінде қолданылады. Монеталарды жасауға арналған шикізат (металл) қазақстандық және халықаралық нарықтарда металдың сапалық сипаттамаларына және оның құнына қарай сатып алынады.
Ұлттық валютаның дизайнын әзірлеумен Ұлттық банктің штаттық дизайнерлер тобы айналысады.
Бұл ретте соңғы шығарылған банкноттар сапасы, пішіні және қағаз түріне байланысты ерекшеленеді.
«Ұлттық банк 2023 жылдың соңынан бастап «Сақ стилі» банкноттарының жаңа сериясын айналымға кезең-кезеңмен шығару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жаңа серияның негізгі айырмашылығы – банкноттардың өлшемінің өзгеруі және қауіпсіздік кешенінің айтарлықтай жетілдірілуі. Ұлттық банк мамандары әлемдік тәжірибедегі банкноттардың өлшемдеріне сараптама жүргізді. Нәтижесі банкноттардың кішірейтілген өлшемі санауға, сақтауға және тасымалдауға ыңғайлы екенін көрсетті. Бұл шара, сондай-ақ, банкнот парағына көп мөлшердегі банкноттарды орналастыру арқылы банкноттарды өндіруді тездетуге және жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Бұған қоса, жаңа банкноттарды жасау үшін пайдаланылған қағаздың бұрынғы банкнот серияларындағыдай мақтадан тұратынын атап өткен жөн. Оны қолдану тозуға төзімділігі жоғары және ұзақ уақыт пайдалануға болатын мықты қағаз өндіру қажеттілігімен байланысты. Бұл өзгерістер банкноттардың сапасын жақсартуға, қорғау элементтерін күшейтуге және банкноттарды өндіруде соңғы технологияларды қолдануға бағытталған.