Теңге мәртебесі конституциялық тұрғыда бекітіледі — Конституциялық комиссия

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Теңге мәртебесі конституциялық тұрғыда бекітіледі. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 9-отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты. 

— Өткен отырыста әріптестеріміз бірнеше ұсыныс енгізді. Олар өте маңызды және көптеген елде конституциялық құқықтық реттеудің нысанасына жатады. Осыған байланысты жобада аталған жаңалықтарды бекітетін нормалар қосымша қарастырылып отыр. Мысалы, теңгені ұлттық валюта ретінде конституциялық тұрғыда бекіту туралы ұсынысты іске асыру мақсатында 2-бап 6-тармақпен толықтырылды. Аталған тармаққа сәйкес, «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы, ақша бірлігі — теңге. Теңгені эмиссиялаудың айырықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі, — деді ол.

Оның айтуынша, 2-баптың 6-тармағы 7-тармақ болып өзгертілді. Оның жоба бойынша мазмұны сақталды, яғни Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді. 

— 6-бапта мемлекеттік органдарда саяси партия ұйымдарын құруға жол бермейтіні норманы 1-тармақтан дәл сол редакцияда 2-тармаққа көшіру ұсынылады бұл норма аталған баптың 2-тармағының ережелерін қисынды түрде толықтырады деп есептейміз. Аталған тармаққа сәйкес, мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейді, — деді Бақыт Нұрмұханов.

Айта кетелік Бақыт Нұрмұханов азаматтардың кейбір ұсыныстарын Конституция жобасына қосуға болатынын айтқан