Теңге неліктен нығайып келеді – Ұлттық банк басшысының жауабы

Фото: Астана прокуратурасы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамы қалай қалыптасатынын түсіндірді.

Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресінде Тимур Сүлейменов журналистердің валюта бағамы және алтын жайлы қойылған сұрақтарына жауап берді.

— Біз валюта бағамына арнайы реттеу жүргізбейміз. Бізде бағам сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады: нарықтағы долларға ұсыныс пен сұраныс әсер етеді. Қазір бұл факторлар теңгенің нығаюына ықпал етіп отыр. Оған мұнай бағасының салыстырмалы түрде жақсы болуынан валютаның түсуі, активтерді конвертациялау операциялары, Ұлттық қордан түсетін трансферттер әсер етеді. Қазіргі жағдай осылай қалыптасып отыр, — деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ ол Ұлттық банк алтын сатып алуға басым құқықты сақтап қалатынын атап өтті.

- Алтын — бұл қорғаныш активі. Ол S&P, Nasdaq, биткоин және басқаларға қарағанда жақсы нәтижелер көрсетті. Сондықтан әзірге алтын алуға басым құқықтан жақын арада бас тартуды жоспарлап отырған жоқпыз. Мемлекет үшін резервтер жинайтын боламыз. Кейін, жағдай тұрақтанғанда, әрі қарай көреміз, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банктің инфляция бойынша болжамы қандай екенін жазғанбыз.