Теңге тарихы туралы ақиқат әлі айтылған жоқ - академик Ораз Баймұратов
- Ораз Баймұратұлы, тәуелсіздіктің бір атрибуты саналатын теңгенің тарихында жұртшылық назарына ілінбеген жайттар әлі жеткілікті ғой. Қаржы және банк жүйесіндегі кәсіби ғалым ретінде жұртшылықпен өз ойларыңызды бөліссеңіз?
- Біздің ұлттық валютамыз 1 күнде пайда болған жоқ. Оның өзіндік тарихы бар. Ол эволюция түрінде пайда болып, дамып келе жатыр. Валюта тарихы дербестікпен тығыз байланысты. Мен екеуін еш уақытта ажыратпаймын. Валюта - дербестіктің қызметіне жатады. Оның бір атрибуты, тірегі. Тәуелсіздік те бір күнде пайда болған құбылыс емес. Біз аймақтық шаруашылық есепті енгізу бастамасын көтердік, бұл идеяны зерттеу үшін 80-ші жылдардың соңына қарай КСРО Ғылым академиясында 5-6 адамнан тұратын арнайы топ құрылды. Оған мен бұл мәселені ең алғаш көтерген ғалымдардың бірі ретінде ғана, Мәскеудегі әріптестерімнің жеке шақыруының арқасында ғана ендім. Онда сарапшы ғалымдардың жан-жақты талқылауынан кейін аймақтар, республикалар шаруашылық есепке көшсін деген тұжырым жасалды. Кейбір республикалар ұлттық байлықты жасағанымен өздерінде оның болмашы бөлігін ғана алып қалатын. Сондықтан бұл идея республика басшыларына да ұнап, күллі Кеңес одағында үлкен пікірталасқа ұласты және оның төңірегінде саяси күш шоғырлана бастады. Өйткені дамудың шаруашылық есептен кейінгі сатысы дербестік еді. Сол кездің өзінде-ақ кейбір ғалымдар дербестік туралы айта бастады. Бұл үлкен үрдіс саяси қозғалысқа айналып, шаруашылық есепке көшу идеясының жемісін Балтық жағалауы елдері көрді. Оған империялық билік ашық қарсы болған жоқ.
- Қазақстанда ұлттық валютаны енгізу туралы саяси шешім қалай қабылданды?
- Дербестікті валютасыз жасауға болмайтындықтан 1980 жылдардың ортасынан бастап мен өзімше ұлттық валюта қандай болу керек, оның бағамы қалай жасалуы қажет екендігін зерттеп, мақалалар жаза бастадым. Сондықтан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін валютаға көшу енді оңай болатын болды деп ойлаған едім. Бірақ біз 2 жылдай ұлттық валютасыз жүрдік. Өйткені идея дайын болғанымен, саяси шешім болмады. Оны қабылдайтын - Президент. Біз Ресей рублі аймағында қалып қойдық. Ал басқа республикалар одан біртіндеп кетіп қалды. Сондықтан Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде бұл мәселені сессияда бірнеше рет көтеріп, неге өзіміздің валютамызға көшпейміз деп сөз сөйледім. Өйткені рубль құнсызданып, қағазға айнала бастады. Сол кезде басқа елдердің кейбір азаматтары сабан ақшаны машиналап, вагондап тасып республикадан тауар мен шикізатты сатып алып кетіп жатты. Мысалы, 1992 жылы ақпанда, биліктің заң шығарушы жоғарғы органында айтқан: «Бізге қағаз ақша туралы ойлану қажет. Тұжырымдама жасап, жаңа ақшаның бағамын анықтау керек. Бұл жұмыс баяу жүруде. Ресей өз ақшасын жариялаған кезде тағы кеш қалуымыз мүмкін. Оған алдын ала дайындалу керек», деген сөзімді републикалық газеттер көшіріп басты. Алайда біз өз валютамызды енгізуде кешіктік. Идеясын бәрінен бұрын айтсақ та, оны іске асыруда тағы да көш соңында қалып қойдық. Өзімді ұлттық валюта идеясының авторы ретінде бұған әлі күнге дейін өкінемін.
- Рубль аймағында қалып қоюдан Қазақстан экономикасы қаншалықты зиян шекті?
- Оны есептеу қиын емес. 1992 жылы Қазақстанның 2010 жылға дейінгі дамуы жөніндегі кешенді болжау жасадық. Онда рубльдің құны жоқ екені, тауардың тегін кетіп жатқаны айтылды. Нақты сомасы қазір есімде жоқ. Біздің республика экономика жағынан Одақ бойынша Ресей мен Украинадан кейін 3-ші орында тұрды. Экономика неғұрлым үлкен және валюта құндылығы төмен болса, оның зияны соғұрлым көп болады. Біз ол кезде ұлттық валютаға ауыспағандықтан кереметтей зиян шегіп отырдық. Мысалы, 1991 жылғы қарашаның 10-ы күнгі мақаламда, «ұлттық валютаны енгізу нарықтағы ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа ақша тұтынушылар қызығушылығын қорғайды. Өндірісшілерді бәсекеге қабілетті тауар өндіруге ынталандырады», деп жаздым.
Жалпы ғылым өз міндетін атқарды. Ұлттық экономиканы қалыптастырудың идеясы айтылып, теориялық негіздері жасалды. Бірақ саяси шешім кеш шықты. Идея алғаш көтерілген кезде Қазақ ССР Ғылым академиясындағы өндірістік күштерді зерттейтін кеңесте жұмыс жасадым. Академияның ақыл-ой орталығы ретінде ол бүкіл ғалымдарды біріктіріп отырды.
Осы арада теңгенің тарихына қатысты мына мәселені де айта кеткенді парыз деп санаймын. 1992 жылы идея қабылданып, тұжырымдама жасалып, заң дайындайтын жұмыс тобы құрылды. Оны Дәулет Сембаев пен Сауық Тәкежанов басқаратын. Ұлттық валютаның атауы теңге болсын деген ұсыныстар оның алдында ең алдымен қазақ газеттерінде жарық көрді. Марқұм Сауық Тәкежанов жұмыс тобында ұлтық валюта атауына қатысты шешім қабылданған кезде бұл ұсынысты қолдап, қабылдануына ықпал етті. Қарапайым халық қазір ең соңғы шешімді ғана көріп отыр. Бейнелеп айтқанда, қойылымның аяғындағы сахнаның жабылар кезін. Оған дейін қойылымның 1, 2 актілері болады ғой. Мен соны айтып тұрмын.
- Теңгенің өзге валюталардағы бағамы қалай жасалды?
- Валюта бағамы алғашқы кезде 1 долларға шаққанда 4,75 теңге болды. Оған дейін өз мақалаларымда ұлттық валютаның 1 АҚШ долларындағы бағамы 13 теңге шамасында болу керек деп жазып жүргенмін. Мәскеуде жүрген кезімде жұмыс тобы асығыс өз шешімін шығарып жіберіпті. Бұл жерде олар ұлттық валютаны көтереміз деп оған экономикалық емес, саяси тұрғыдан қараған. Бұл өзі қызық жағдай. Шешім қабылдағанда саяси жағы кеш келсе, теңгенің бағамын белгілеуде ол басым боп кетті. Бірақ 1,5-2 айдың ішінде валюта бағамы 1 долларға шаққанда 15 теңгеге көтерілді және одан кейін де инфляция көбейіп кетті. Егер валюта бағамы негізсіз жоғары қойылмағанда, ол мұншалықты күрт құлдырамас еді.
- 1999 жылы ақпанда теңгені еркін жүзуге жібергеннен кейін де ахуал бірден өзгере қойған жоқ қой?
- Ол экспорттық операциялардың тиімділігін көтеру үшін жасалды. Теңге неғұрлым төмен болса, экспорт салаларына пайдалы. Теңгені еркін жүзуге жібергеннен кейін оның бағамы 1 долларға шаққанда 140-120 теңге аралығында тұрды. Былтыр ұлттық банк теңгеге девальвация жасады. Соның нәтижесінде теңгенің бағамы 120-дан 150-ге көтерілді. Менің ойымша, девальвацияны басқаша жасауға болар еді. Біріншіден, оны бірден 150-ге апармай төмендеу қоюға болар еді. Бірден секіріс жасауға болмайды. Екіншіден, оның алдында Ұлттық банк төрағасы осы бағамды ұстап тұрамыз деп айтты. Мұнда тұрған қандай мән бар дейтін шығарсыз. Өйткені бұл шара теңге бағамына қатты әсер етті.
- Ол экономикаға қаншалықты тиімді болды?
- Девальвация экспортшыларға тиімді болды. Валюта әкелетін көздер - мұнай-газ секторы мен металлургия және бидай экспорты. Таразыда тепе-теңдік, сәйкестік болуы керек. Яғни экспорттық салалардың мүддесі басқа салалардың мүддесімен теңестіріліп отыруы қажет. Бізде әлі де баланс жоқ. Экспорттық салалардың мүдделері басым. Бұл өте күрделі мәселе. Бірақ оны шешуге болады. Девальвация кезінде отандық тауар өндірушілер мен қарапайым халықтың мүддесі жан-жақты ескерілді деп айта алмаймын. Әлі күнге дейін экономиканың басқа салаларындағы шығын көлемі айтылмайды. Егер ол алдын ала есептелсе, мына топтың мүддесі мынадай болды деп жұртшылыққа неге жай-жапсарын айтпайды.
Девальвация қажет нәрсе еді. Алайда ол да кеш жасалды. Басқару дегеннің өзі дер уақытында керекті шараларды қабылдап отыру деген сөз ғой. Мұндай шешімнің кеш қабылдануын біздің үкімет мүшелерінің білімі жетпегендіктен деуге болмайды. Бұл жерде мүдделер тайталасы тұр. Мүдделер күресі ашық болып, еркін пікірталас жасалса, оған ешкім қарсы болмайды. Экономиканы әртараптандыру үрдісі толық жүзеге асқан кезде ғана топтардың емес, қоғамның мүддесі алдыңғы орынға шығатын болады.
- Валюта бағамына қандай болжамыңыз бар? Қаржы министрлігінің жұртшылыққа сатуға шығарған МАОКОМ-дар девальвациядан қорғануға ықпал ете ала ма?
- Қазір әлемдік нарықта шикізат бағасы түскен соң экспорттан валюта аз келуде. Содан кейін сұраныс жоғары болғаннан соң доллардың құны жоғары болуда. Бұл құнды қағаздарды саудаға шығарудың өзіндік тиімділігі бар. Банк депозиттерінде пайыз үлкен болғанымен тәуекел жоғары. Мұнда пайызы төмен болғанымен тәуекелі төмен. Бұл тұрақтылыққа жақсы. Девальвациядан қорғанудың дұрыс жолы.
- Дамыған елдерде қағаз бен металл ақшаның арасында айтарлықтай алшақтық жоқ. Бізде бұл мәселе қалай жүріп жатыр деп ойлайсыз?
- Бізде теңгенің бағасы төмен. Теңге бағамы жоғары болса, металл ақшаның құны да жоғары болар еді. Валюта шығарған кезде бізде бағам дұрыс қойылмады. Соның салдарынан әлі күнге тиын есептелмейді. 1 тиынға еш зат ала алмайсыз, келмейді. Бұл ақша айналымының жоғары деңгейге жетпегенінің көрінісі. Ол жолға түскенде мұндай жағдай болмайды. Теңгенің құны жоғарылайды. Жақсы ақша айналымы болған жерде тиынға да зат алуға болады. Бұл үшін экономиканы көтеріп, ақша айналымы үдерісін жақсарту керек. Оның жолдары көп.
- Қазір әлемнің барлық елінде аймақтық валюталар шығару мәселесі талқыланып жатыр. Доллар резервтік валюта ретінде қанша уақытқа дейін қала береді?
- Ол күрделі мәселе. Экономикалық жағынан долларды бір күнде ауыстырамын деу қиын. Ал бірнеше елдің басшысы жиналып шешімдер қабылдаса, олар тек саяси тұрғыдан шешеді. Экономикалық тұрғыдан шешу үшін біраз уақыт керек. Ол эволюциялық жолмен жүруі қажет. Егер олар ертең долларды ауыстырамыз десе, босаған ақша экономикаға кері әсер етеді. Бізде миллиардтаған, Қытайда триллиондаған доллар жатыр. Сондықтан бұл үрдіс экономикалық тұрғыдан ақырын жүріп отыруы керек. Резервтегі доллардан құтылу үшін Үндістан мен Қытай Халықаралық валюта қорынан алтын сатып алып жатыр. Олар осылай өздеріндегі доллардың белгілі бір бөлігінен құтылды. Оның нақты көлемі бізге белгісіз. Қазір аймақтық валюталар құру үрдісі мен доллардан құтылу үрдісі қатар жүріп жатыр.
Доллардың жағдайын көріп отырмыз, әлем бойынша төмендеп бара жатыр. Оның негізі - АҚШ экономикасында. Долларды құлатып жатқан ондағы рухани дамудың төмендігі. Доллар қуған топтар түрлі қаржылық пирамидалар құрып жатыр. Олар оны станокқа салып көбейтіп, басып шығарып, байып жатыр. Еңбек қайда? Еңбексіз баю тұрақты баю емес. Ол жақсылық емес.
- Артық ақша біз сияқты дамушы елге келсе, сабан ақшаға экономика төтеп бере алмауы мүмкін ғой?
-Иә. Ақша айналымында кешігуге мүлдем болмайды. Оны Ресей рублінен көрдік қой. Одан сабақ алуымыз керек. Егер тағы кешіксек, доллардан да зардап шегеміз. Оның алдын алу үшін мониторинг жүргізіп отыру қажет. Бізде дағдарыстан бұрын ол жоқ болатын. Көп елдер дағдарыстың келгенін байқамадық деп отыр ғой. Оның өзіндік индикаторлары болады. Бұл туралы ғалымдар талай рет жазды. Алайда оған көңіл бөлген ешкім болмады.
Бұл - әлемдегі экономикалық құрылымдардың бір қасіреті. Өйткені басқару жүйесінде де, ғылымда да экономистер отыр. Екеуі бір-бірімен бақталас. Егер экономика қиын болса, басқаруда отырғандар ғылымға жаба салады,сендер айтпадыңдар деп. Егер экономика дамып кетсе, біздің еңбегіміз дейді. Бұл бұрын да болған, алда да бола беретін шығар деп ойлаймын.
- Орталық Азия елдерінің аймақтық өз валютасын жасау мүмкіндігі шындыққа қаншалықты жақын?
- Орталық Азия Одағын құру идеясының көтерілгеніне біршама уақыт өтсе де әлі күнге дейін нақты әрекеттер аз. Сондықтан алдағы уақытта Орталық Азия елдері өз валютасын жасайды деп мен айта алмаймын. Аймақтық валютаны Орталық Азиямен құру өте қиын. Олардың басқару жүйесі де, экономикасы да әртүрлі және жақындаудың орнына алыстап бара жатыр.
- Экономикалық дағдарыстан тезірек шығуға банк жүйесінің қосар үлесі қомақты ғой. 2010 жылдың алғашқы тоқсанынан бастап елімізде тікелей инвестициялау қорларының жұмысын жандандыруға мән беріліп жатыр. Бұл мәселе туралы сіздің пайымдауларыңыз қандай?
- Инвестициялық қорларды қолдауымыз керек. Өйткені олар қаржыны тікелей экономикаға салады. Банктің апаруы да. апармауы да мүмкін. Тікелей инвестициялық қорларға бұрын көшуіміз керек еді. Олардың үлесі төмен. Бізде қазір банк жүйесі басым. Банк жүйесіндегі реформалар түбіне жеткізілген жоқ, оның проблемалары бар деп бұрыннан-ақ айтып келеміз. Оған үкіметтің көзі дағдарыс кезінде ғана айқын жетті. Сондықтан енді реформаны аяқтау керек. Онсыз дағдарыстан толық шыға алмаймыз. Өйткені қазіргі банктердің бәрі батыстың моделімен жұмыс істейді. Батыстың моделінің бір кемшілігі, несие нарығында жақсы көрінеді. Несие нарығы - ең тәуекелі жоғары, ең сенімсіз нарықтардың бірі. Онда пайыз деген тетік бар. Ол - инфляцияның, тұрақсыздықтың жолы. Егер бұлай кете берсе, 4-5 жылдан кейін қайтадан дағдарыс болады. Осыны түсінетін жағдайға жеттік ау деймін. Несие жүрген жерде дағдарыс болады, бола да береді. Оның баламасы - инвестициялық қорлар, ислам банктері. Сондықтан да бұл жерде несиені пайызсыз тетікпен беруді ойластыру керек. Яғни инвестиция арқылы экономикаға тікелей жіберу қажет. Оны дамытуды мемлекет қаржы институттары арқылы қолдап отыруы тиіс. Әлемде қазір ислам банктері дамып жатыр. Біз оған жаңа кірісіп жатырмыз. Мен оны 5 жыл бұрын айттым. Дағдарыс кезінде әлемде тек ислам банктері ғана тұрақты боп шығуда. Оған не айтуға болады.
- Экономикада тұрақты дамуға қалай қол жеткізуге болады?
- Менің көзқарасым бойынша, бұл үшін әлеуметтік экономикаға көшуіміз керек. Әлеуметтік экономиканың 3 тірегі бар. Біріншісі - демократия, екіншісі - демография, үшіншісі - руханият. Осы 3 тірекке сүйенген экономика ғана тұрақты дамиды. Соның арқасында валюта да нығайып, бағамы тұрақты болады. Қазір 3 тіректің жағдайы онша емес. Бір-бірімен байланысы жоқ. Оған біз ғана емес, әлемнің өзге елдері де жеткен жоқ. Дамыған елдерде бір ғана тірек бар. Демократияға ғана сүйеніп, демография мен рухани даму төмендеп кетті. Оларда мораль жоғары емес. Бір тірекпен экономика еш уақытта тұрақты бола алмайды. Сондықтан дағдарыс бола береді. Ол халық жағдайын төмендетеді.
- Әлемдік дағдарыс ипотекадан басталған жоқ па?
- Жоқ. Мен олай дей алмаймын. Көп адам солай дейді. Олар айсбергтің төбесін көріп қана айтып жүр. Оның денесі судың астында жатыр. Дағдарыс қоғамдағы рухани дамудың және демографияның төмендігінен басталды. Нәтижесінде сыбайластық пен жемқорлық қанат жайды. Қанағат жоқ. Миллиардер болам деп есі шығып жүргендер әлемде көп. Олардың басында экономикалық вирус отыр. Оның несі жаман дейсіз ғой? Неғұрлым адамның басы материалдық құндылыққа бейімделсе, ақшаға бейімделсе, ол басқа рухани байлықты да, отбасын да ұмытады. Нәтижесінде сана төмендеп экономиканы қайтарады. Кері байланыс деген бар ғой.
- Экономиканы басқару тетіктері қаншалықты жұмыс жасап жатыр?
- Экономиканы басқаруда реттеу жоқ деп айта алмаймыз. Онда проблема да жеткілікті. Бірақ та мемлекеттік реттеудегі басты кедергі, меніңше -жемқорлық. Жемқорлық бар жерде тиімді басқару қиын. Ол қоғамдағы ең басты мәселе. Оны құртудың екі бағыты бар. Біріншісі - рухани даму. Рухани жағынан жетілген адам пара беруден де, оны алудан да қорқады. Оны реттейтін тетік оның ішінде, жүрегінде орналасқан. Екіншісі - заң. Егер тек заң арқылы шешемін десек осы уақытқа дейін қайда қалдық.
Қазір біздің стратегиялық бағытымыз Ресей, Еуропа болып отыр. Орта Азия Одағының болашағы әзірге мықты емес. Еуропаға терезе ашып жатырмыз ғой. Оған қарсы емеспін, неге оны шығысқа да ашпаймыз. Құлдырап бара жатқан Еуропаны қайта-қайта айта береміз. Олардың проблемаларын көрмей отырған сияқтымыз. Олар тығырықтан шығарар жолды Азия елдерінен іздеп жатыр.
- Қаржы банк жүйесіндегі мамандардың біліктілігіне қандай баға бересіз?
- Біздің мамандар батыстың ілімімен дайындалған. Кейбірі батыстағы жоғары оқу орындарын бітірген. Еліміздегі білім мен ғылым жүйесінде де батыстың ықпалы күшті. Егер батыс өркениетінің төмен түсіп бара жатқанын мойындасаңыз, онда ойлану керек, осы дұрыс па деп. Жаңа заманның кадрын басқаша дайындау керек. Әлемде жаңа дәуір туып жатқанын мойындау қажет. Біз үлгі тұтатын батыс үлгісі материалдық байлықтың соңында жүр. Экономикасы солай құрылған. Қазір рухани, материалдық байлықты тең ұстаған банкирлер жоқ. Бірақ болашақта билік жаңа заманның кадрларының қолына көшеді. Олардың саясаты да, құндылықтары басқа болады.
- Әңгімеңізге рахмет?