Теңге - тәуелсіздік тұмары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық валюта - теңге күні және ҚР қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі.

Теңгенің қолданысқа енгізілу тарихына көз жүгіртер болсақ, бірден сонау 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлықты шығарғаны еске түседі. Иә, дәл осы күннен бастап еліміздің ұлттық теңгесін әзірлеуге бағытталған жұмыстар жалғасып, ол екі жылға созылды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Ал оларды елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшақтары Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Теңгенің алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өкірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілді. Сол жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталды. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді. Ал бірінші айналымға енген 1 теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 4,35 теңге болды.

Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.

Айта кетерлігі, бастапқыда Қазақстанның ақша сарайы металл шақаларды дайындауға мүмкіндігі болмағандықтан жедел түрде қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң олар металл тиындарға ауыстырылды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеталармен алмасты.

Теңге 2006 жылы өз бейнесін өзгертті. Сол жылдан бастап банкноталар бірыңғай стильде әзірленуде, суреттер бет жағында негізінен тігінен, сырт жағында көлденеңінен орналасқан. Тұтастай алғанда, дизайн Қазақстанның қазіргі бейнесін көрсетеді.

1993 жылы құрылысы басталған Қазақстанның банкнот фабрикасы 1995 жылы толық аяқталды. Сол жылы 19 мамырда оның ресми ашылу рәсімі өтті. Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстанның төл валютасы өз елімізде басып шығарылуда.