Теңге тұрақты, инфляция дәлізі де орнықты - Қ. Келімбетов

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Еліміздің ұлттық валюта нарығындағы жағдай қалыпты. Инфляция дәлізі де орнықты. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына байланысты баяндаған ҚР Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов осылай мәлімдеді.

ҰБ төрағасының айтуынша, ұлттық валюта нарығында қалыпты жағдайдың сақталуына теңгенiң айырбас бағамының ұзақ мерзiмдi трендтерiн анықтайтын негiзгi факторлардың өзгермеуі сеп болып отыр. Сондықтан да, Ұлттық банк теңгенiң айырбас бағамының күрт өзгеруiне жол бермеу бағытындағы саясатты ұстанатын болады. «Теңгенiң айырбас бағамы трендi жалпы макроэкономикалық алғышарттар әсерi есебiнен құрылады. 2013 жылдың 9 айы iшiнде теңгенiң айырбас бағамы АҚШ долларына қатысты алғанда 2 пайызға төмендеген. 21 қазандағы қалыптасқан жағдайға сәйкес жыл басынан бергi аталмыш көрсеткiштiң төмендеу деңгейi де 2 пайыз», - деді Қ. Келімбетов.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк төрағасы елімізде инфляция 6-8 пайыз дәлізінде сақталатынын да мәлім етті. «Үкiметпен бiрлесiп бiрқатар инфляцияға қарсы шаралар кешенiн iске асыра отырып, Ұлттық банк инфляцияны 6-8 пайыз дәлiзінде сақтап қалуға әрекет жасауда. 2014 жылы инфляциялық үдерiстердi бiртiндеп баяулату шаралары жалғасын табады. 2013 жылғы қыркүйектiң соңында жылдық инфляция 5,4 пайызды құрады», - дедi Қайрат Келiмбетов.