Теңгебаев: Кеден ісі - ата кәсібіміздің бірі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның кеден органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.


Салтанатты жиынды ашқан ҚР Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев Қазақстан аумағындағы кеден қызметінің тарихы тереңде  ежелгі түркілер заманында жатқандығын атап өтті. Кеден ісінің қалыптасуы Ұлы Жібек жолы бағдарында сауданың дамуымен тығыз байланысты екендігін еске салды.

«Сондықтан да, кеден ісін ата кәсібіміздің бірі деп айта аламыз!», - деді қаржы вице-министрі.

Салтанатты жиынға кеден органдарының бұрынғы басшылары Ғани Қасымов, Маратқали Нүкенов, Қозы-Көрпеш Карбузов қатысты. Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің бұрынғы әріптестерін бейнежолдау арқылы құттықтады.

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Госман Амрин Қазақстанның 25 жыл тәуелсіздігінде кеденнің қол жеткізген табыстары туралы айтып берді. «Қазақстан Республикасының кеден қызметі өзінің 25 жылдық жұмысы барысында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, кеңестік одақтан кейінгі аумақта маңызды рөл атқарады», - деді ол.