«Теңге девальвациясына қатысты ешқандай алаңдайтын жағдай жоқ. Ресейдегі мәселеге келер болсақ, ол елде ұлттық валютаның «секіріс» дәлізі кең, шамамен алғанда 25 пайызға жуықтау. Соның өзінде Ресей рублі қалыпты жағдайға келе жатыр. Осы жағынан алсақ та, басқасымен салыстырсақ та Қазақстанға алаңдайтын еш қауіп жоқ. Мәселен, мамыр айындағы көрсеткішке келсек, теңге айырбас бағамы 0,1 пайызды құрады. Бұл қанағаттанарлық көрсеткіш. Жалпы алғанда 2009 жылғы теңгенің құнсыздануынан бері біздің ұлттық валюта өзінің тұрақтылығын сақтап отыр», - деді ҰБ Төрағасының орынбасары Б. Тәжіяқов. Оның айтуынша, теңгенің бағамын ұстап тұру үшін елімізде алтын-валюта қоры да жеткілікті, экспорттық әлеуетіміз де оңтайлы. Өткен 4-5 айда аталған экспорттық көрсеткіш 23-24 пайызға артты. «Алтын-валюталық резервіміз 85 млрд. АҚШ долларынан астам», - деді Б. Тәжіяқов.
13:20, 12 Маусым 2012
Теңгенің құнсыздануына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ - ҰБ төрағасының орынбасары
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Теңгенің құнсыздануына қатысты ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы аясында журналистер сауалына жауап берген ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов осылай мәлім етті.