АСТАНА. KAZINFORM — Теңге бағамының нығаюы шетелден әкелінетін тауарлардың бағасына әсер етіп, елдегі инфляцияның төмендеуіне ықпал етіп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
Оның айтуынша, теңгенің нығаюына жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты мен мұнай бағасының теңге бағамына оң әсері ықпал еткен.
— Теңгенің нығаюы импортқа кететін шығынды азайтып, баға өсімін тежеуге ықпал етіп отыр. Соның нәтижесінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны тамызда 11,4%-ға дейін баяулады, — деді Ұлттық банк төрағасы.
Спикердің дерегіне қарағанда, жалпы тамызда Қазақстандағы жылдық инфляция 9,8%-ға дейін төмендеді. Азық-түлік инфляциясы 9,5% болды. Бұған көкөніс пен жеміс-жидектің арзандауы және импорттық тауарлар бағасының төмендеуі әсер еткен.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткені хабарланды.
Назерке Сүйіндік
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Ұлыбританиядағы Sussex университетінде магистр дәрежесін алған. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің саясаттану мамандығы бойынша PhD докторанты. Бұған дейін BAQ.kz, Strategy2050.kz, QazaqTimes.kz секілді ақпараттық платформаларда жұмыс істеген. Қазір «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі. Халықаралық саясат, дипломатия, медиа, ақпараттық саясат және қоғамдық-саяси мәселелерді тұрақты түрде жазып келеді.