Теңгенің нығаюы инфляцияның баяулауына ықпал етті — Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов жылдық инфляцияның тоғыз ай қатарынан баяулауына әсер еткен негізгі себептерді атады.

Фото: Ұлттық банк

Оның айтуынша, маусымда жылдық инфляция 10,3%-ды құрады. Мамырда бұл көрсеткіш 10,4% болған. Осылайша, бағаның өсу қарқыны тоғыз ай қатарынан төмендеп келеді.

Маусымдағы айлық инфляция 0,8% болды. Ал маусымдық факторларды есепке алғандағы базалық инфляция 0,9%-ды құрады.

Ұлттық банктің мәліметінше, инфляцияның баяулауына ақша-кредит саясаты, теңгенің нығаюы, халық сұранысының тұрақтануы және Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы шаралары әсер еткен.

— Маусымда азық-түлік инфляциясы 10,4%-ға дейін төмендеді. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі қатарынан үш ай бойы өзгерген жоқ. Бұған БЖЗҚ-дағы жинақты жеткіліктілік шегі көтерілмей тұрып шешіп алуға байланысты уақытша сұраныс әсер еткен болуы мүмкін. Ал теңгенің нығаюы импорттық тауарлардың бағасын тежеуге ықпал етіп отыр, — деді Тимур Сүлейменов.

Оның сөзінше, инфляция баяулағанымен, бұл үрдістің тұрақты болатынын алдағы айларда ғана бағалауға болады.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75%-ға дейін төмендеткен болатын.