Бұл туралы ҚР ҚМ баспасөз қызметі хабарлады.
Биатлонға қатысатын негізгі және қосалқы корабльдер анықталды. «Орал» зымыран-артиллериялық кораблі негізгі, «Сарыарқа» - қосалқы корабль болып белгіленді. Корабльдердің экипаждары 33 адамнан тұрады. ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары 1-дәрежелі капитан Сәкен Бекжанов биатлонға дайындыққа жетекшілік етіп, ойын барысында аға өкіл болады.
Теңізде экипаждардың үйлесімділігін жақсарту мақсатында қазіргі уақытта корабльдер оқу-жауынгерлік жаттығулардың орындалуын пысықтайды. Жағада жауынгерлік даярлық пәндерінің бірі 29011 әскери бөлімі оқу-жаттығу орталығының оқу-жаттықтыру стансаларында корабльдің жандылығына күресу пысықталуда.
Корабльдердің регламенттелген техникалық қызмет көрсетілуі корабльдердің жеке құрамы және «Зенит» Орал зауыты» АҚ-тың өкілдерімен өткізіледі.
Теңіз биатлонында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің командасында корабльде қызмет өткеріп жүрген бірден-бір әскери қызметші қыз-келіншек, «Батыр арулар - 2016» байқауының қатысушысы, «Каспий кубогының» үздік белгі берушісі атағы үшін күресетін 1-дәрежелі старшина Жанар Ыбыраева қатысады.
Өткен жылы ҚР ҚК ӘТК-нің командасы «Каспий кубогы» байқауына алғаш рет қатысқанын естеріңізге сала кетейік. Байқау қорытындысы бойынша командамыз екінші орынды еншілеп, күміс медальдар және «БЛ-680» тез жүретін қайықтың жиынтығы иегері атанған болатын.