Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің айтуынша, Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында қалдықтарды өңдеу қолға алынған. Алдағы уақытта қалдықтарды өңдейтін озық технологияларды енгізу қажет.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесіновтің мәліметіне сүйенсек, Теңіз кен орнында жұмысшылар тұратын 100-ге жуық вахталық қалашық пен өндірістік кешен орналасқан. Кен орнындағы өндірістік қызмет пен ілеспе инфрақұрылымдардан қалдықтардың 63 түрі жинақталады.
«Қалдықтардың 35-тен астам түрі өңдеуге жіберіледі. Мәселен, 2015 жылдан бері өңдеу үшін жөнелтілген қалдықтардың көлемі 700 мың тоннадан асты. Қалдықтарды қайта өңдеуге баса көңіл бөлініп отыр. 2016-2022 жылдары аралығында 2 259 тонна пластикалық бөтелке қайта өңдеуге жіберілді. Оның ішінде пластикалық және ПЭТ түйіршіктері бар басқа да қалдықтар бар. Ал, 5 861 тонна қағаз бен картон, буып-түю материалдары мен басқа да тауарлар өндіріске жіберілді. Ал 99 542 тонна бетон қалдығы құрылыс материалы ретінде пайдаланылды», -дейді Көңілқош Сүйесінов.
Оның дерегіне қарағанда, 2019 жылы пластикалық бөтелкелерді сұрыптау 11 есеге өсіп, 700 тоннадан асқан. Ал, картонды қайта өңдеу 8 есе артып, 1500 тоннаны құраған.
«Теңіз кен орнының өндірістік, әкімшілік учаскелерінен шығарылған қалдықтар «ТенгизЭкоЦентр» нысанына тасымалданады. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын бұл нысан 2004 жылы пайдалануға берілді. Мұнда ағаш қалдықтарын ұсақтайтын Tana, тас ұнтақтайтын Parker, қалдықтарды тығыздайтын BOMAG, Caterpillar, медициналық қалдықтарды өңдейтін Newster, қағазды ұсақтайтын Itimuse, сондай-ақ, WHS жартылай автоматты сығымдау қондырғылары орнатылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін мажар инвесторы Атырауда күннен энергия алу жобасын ұсынғанын жазған едік.