«Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасы аяқталуға жақын. Соған байланысты үшінші буын зауытының құрылыс алаңындағы кейбір нысандар бұзылып, орны тазартылып жатыр.
«Алайда, нысанның бірінен құс ұясы табылды. Ұяда әлі қанаттанбаған балапандар болды. Соған байланысты жұмысшылар бұзу жұмыстарын екі аптаға тоқтатты. Компания экологтері балапандардың қауіпсіздігі үшін ұяның айналасын 10-15 метр радиуста қоршады. Жұмысшылар кішкентай балапандардың қанаттанып, ұшып кеткенше шыдамдылық танытты. Кеше, 5 шілдеде балапандар ұясынан ұшып кетті», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумы Теңіз мұнайын тасымалдауды қайта бастағанын хабарлаған болатынбыз. Каспий құбыр консорциумының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Маңғыстау мен Атырау облысының электр желісіндегі ақаудан кейін КҚК-ның мұнай айдау станциялары апатты түрде ажыратылған. Қазір КҚК-ның энергиямен жабдықтау жүйесіндегі кернеу тұрақтанды.
«Теңіз және Атырау мұнай айдау станциялары қайта іске қосылды. Консорциум Атырау облысындағы Теңіз кен орнынан мұнай қабылдауды қайта бастады. Мұнай құбырына шикізат негізінен Батыс Қазақстандағы кен орындарынан қабылданады. Құбырдағы мұнай Қара теңіздегі Новороссийск портына таяу орналасқан Оңтүстік Озереевка ауылындағы терминға дейін жеткізіледі. Кейін әлемдік нарыққа жөнелту үшін танкерлерге тиеледі», - деп хабарлады консорциумның баспасөз қызметінен.