Бұл деректі «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметі растады. Қоқыс алаңындағы өрт бүгін, 6 шілдеде тұтанған.
«Теңіз кен орнының өндірістік аймағынан тыс жерде орналасқан мердігер компанияның бірі – «НефтеСтройСервис ЛТД» ЖШС-нің вахталық қалашығы аумағындағы қоқыс контейнерлері өртенді. Осыған байланысты «Теңізшевройл» ЖШС-нің өрт және апатты жою қызметінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Өрт сөндірушілер жалынды оқшаулап, тез сөндірді. Зардап шеккендер жоқ», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Теңіз – Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан кен орны.
Мұнда Келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы іске асырылып жатыр.
Жобаға қазақстандық және шетелдік бірнеше компания мердігерлікке тартылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішінде 5 автобустың өртену себебі анықталғанын хабарлаған болатынбыз.
«ССЕР» компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, қызметтік автобустар Теңіз вахталық қалашығындағы тұраққа сағат 19:00-де келіп, жолаушылар түсірілгеннен кейін қозғалысты тоқтатқан. Тұраққа қойылған автобустардың бірінің мотор бөлігінен шыққан өртті «ССЕР» компаниясының сигнал беруші қызметкері байқаған.
Өрттің тез тарауына секундына 15-20 метр күшпен соққан желдің екпіні әсер еткен.