Теңіз кенішінің тағы үш жұмысшысынан коронавирус анықталды
Бүгін төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтың хабарлауынша, 4 адамнан коронавирус инфекциясының белгісі расталған.
Науқастардың екеуі 1989 жылы туған, біреуі 1969 жылы туған ер адамдар. Олардың барлығы – Теңіз кенішіндегі мердігер мекемелердің жұмысшылары. Бұған дейін коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болғаны үшін жұмысшылар карантиндік стационарға жатқызылып, олардан зертханалық сынамалар алынған болатын.
«Төртінші науқас 1969 жылғы әйел адам. Ол бұған дейін қауіпті топтың қатарында болған. Әйел адам жоспарлы ПЦР тестілеуден өтті. Нәтижесінде коронавирус инфекциясы расталды. Осылайша, Атырауда вирустың жаңа ошағы анықталып отыр. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастармен байланыста болған адамдар анықталып, оқшаулануда. Ауру ошақтарында залалсыздандыру жүріп жатыр» деп хабарлады төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штаб.
Атырау облысында 29 сәуір күнгі жағдай бойынша 135 адамнан коронавирус инфекциясы расталып отыр.