Бұл пікірді бүгін елордада Дүниежүзілік сулы-сазды аумақтар күніне орай ашылған фотокөрме барысында БҰҰ Даму бағдарламасы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің сулы-сазды аумақтарды корғау жобасының ұлттық менеджері Талғат Кертешев білдірді.
Еліміздегі барлық көлдердің сапасы келіп құятын өзен суларының сапасына тікелей байланысты. Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесіне келіп құйылатын ең ірі өзен суларының бірі Нұраға тиесілі. Ал ол Теміртау қаласының тұсынан ағып өтетіндіктен, сынаппен зақымдалған болатын. «Бұл жерлерде кезінде ірі металлургиялық өнеркәсіп ошақтары болды. Осы кәсіпорындар өздерінен шығатын қалдықтарды суға жақын көметін. Соның салдарынан қалдықтар жер сулары арқылы Нұра өзеніне қосылған еді», дейді ол.
Ал Нұра өзенінің ластанған суы 100-120 шақырымнан кейін Теңіз-Қорғалжын көлдеріне барып құятындығын айтқан ол «су құрамы ластанғаннан кейін балықтар болмайды, балық болмаса құстар болмайды. Осылайша өзара тығыз байланыс, табиғи тепе-теңдік бұзылады», деді өз сөзінде.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Дүниежізілік банк пен еліміздің Су ресурстары комитеті бірлесіп, Нұра өзенін сынаптан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған жоба ауқымында Теміртау қаласынан төменірек орналасқан жалпы көлемі 50 шақырымдық полигонның топырағын қазып алып, өзен арнасынан алшақтату жұмыстары жүргізілуде. «Бұл өте керекті шаруа. Себебі Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі жүргізілген соңғы сараптама су құрамы сынаптан толық тазарғандығын көрсетті. Сынап болғанның өзінде де мүмкінді шектен аспайды», дейді Т.Кертешев.