Теңізде жұмыс істеуге іріктеуден өткен қазақстандық компаниялардың саны белгілі болды
«2016 жылы ТШО серіктестері келешектегі кеңейту жобасы - сағалық қысымды басқару жобасын (ККЖ-СҚБЖ) қаржыландыру туралы түпкілікті шешімді бекіткендігін мәлімдеді. Жоба Теңіз кен орнының өндірістік қуатын кеңейтудің кезекті кезеңі болып табылады. Тиімділік пен қаржыны үнемдеуді арттыру мақсатында ККЖ-СҚБЖ нысандарының құрылысы бір мезгілде жүзеге асырылатын болады. Жаңа жоба бойынша, өндірісті жылына 12 млн. тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге дейін ұлғайту мақсат етілген. Осылайша, жылына 39 млн. тоннаға немесе тәулігіне 850 мың баррельге жететін болады», - делінген «Теңізшевройл» ЖШС-ның хабарламасында.
«Жоба тобы бүгінгі күнге жарияланған сатып алулар бойынша 346 келісімшартпен жұмыстарды 90 пайызға аяқтады, сатып алулар саласында қазақстандық компанияларға басымдық қамтамасыз етілді. ККЖ-СҚБЖ-ның құрылысы және өндірістік жұмыстары барысында 20 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда. ТШО қазақстандық жеткізушілерді жобалау бойынша қызметтерді көрсетуге, сатып алуларға және ККЖ-СҚБЖ үшін модульдерді әзірлеуге белсенді жұмылдырып отыр. Бүгінгі күні 1730-дан астам компания алдын ала іріктеуден өтті», - деп атап өтті ЖШС-дан.
Еске салайық, 2016 жылы Теңізде шикі мұнайдың өндірісі 27,56 млн. тонна немесе 220 млн. баррельді құрады.