«ТШО, НКОК және ҚПО-дан газды халықты қолжетімді үздіксіз газбен қамтамасыз ету үшін неғұрлым төмен бағада алған тиімді. Сол себепті қазіргі таңда осы компаниялардан сатып алатын газдың бағасын төмендету бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.Жоғарыда көрсетілген бағалар тек газды ТШО, ҚПО, НКОК-тан сатып алу бағасы екенін және тауарлық газдың ішкі нарықтағы шекті көтерме бағаларының құрамдас бөлігі ғана екенін атап өтеміз», - деп жазылған министрліктің редакция салауына берген жауабында.
Министрліктің мәліметі бойынша, «Теңізшевройл» ЖШС газды ішкі нарыққа екі түрлі бағамен сатып отыр. Атырау облысына берілетін газдың бағасы 6,141 теңге/м3 болса, оңтүстік және орталық өңірлерге жеткізілетін газдың бағасы 21 теңге/м3.
Ал North Caspian Operating Company тауарлық газдың 1000 текше метрін 39,38 АҚШ доллармен немесе бір текше метрін 18 теңгеден береді.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы шикі газды «ҚазРосГаз» ЖШС-нен сатып алып, Орынбор газ өңдеу зауытында өңдеп, тауарлық газ ретінде ішкі нарыққа «QazaqGaz» ұлттық компаниясы арқылы екі түрлі бағамен сатады. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысына 1 текше метрді 9,77 теңгеге, оңтүстік және орталық өңірлерге 16 теңгеге береді.
«Бұл ретте «ҚазРосГаз» ЖШС-ның қызметі залалды екенін атап өткен жөн. «Теңізшевройл» ЖШС (бұдан әрі – ТШО), Норт Каспиан Оперейтинг Компани (бұдан әрі – НКОК), Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.в. (бұдан әрі – КПО) компанияларына Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес арнайы салықтық режим қолданылатындықтан «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес аталған компаниялар өндіретін тауарлық газдың бағасы реттелмейді және олардың бағасы келіссөздер барысында анықталады», - деп жазады вице-министр Әлібек Жамауов.