«Теңізшевройл» ЖШС-іне ауаны ластағаны үшін 500 млн. теңге айыппұл салынды

None
АТЫРАУ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысында Теңіз және Королевское кен орындарын игеріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС-іне ауаны ластағаны үшін 500 млн. теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынды.

Облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Светлана Жұмашева хабарлағандай, тексеру барысында Теңізде ауаны нормадан өте көп деңгейде ластаудың үш фактісі анықталды. Олардың барлығы газдың алау ретінде жағылғанынан апатты шығарындылар көбеюі салдарынан болып отыр.

Осы оқиғаға қатысты шара қолдану үшін Атырау облыстық табиғат қорғау прокуратурасы Орал-Каспий экология департаментіне ұсыным жіберді.

«Олардың қарастырылуының нәтижелері бойынша өкілетті орган «Теңізшевройл» ЖШС-іне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 243 бабы бойынша 45 108 620 теңгеге 3 әкімшілік айыппұл салды. Сонымен қатар, компанияға қоршаған ортаға келтірілген залалдың орнын толтыру үшін 464 412 067 теңге төлеу туралы талаптар ұсынылды. Сөйтіп, прокурорлық қадағалаудың қолданған шаралары нәтижесінде ТШО компаниясынан мемлекетке 509 520 687 теңге өндіріліп алынды», деп хабарлады С.Жұмашева.