Теннис: А.Голубевті ұтқан Б.Чорич Р.Надальды да жеңіп кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцарияның Базель қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирде әлемнің екінші ракеткасы, испандық Рафаэль Надаль ширек финалда аяқ астынан хорват Борна Чоричтен ұтылып қалды.

Әлемдік рейтингте 124-інші орында тұрған Загреб қаласының 17 жасар түлегі атақты қарсыласын 6:2, 7:6 есебімен жеңді. Б.Чорич үш рет брейк жасап, бір мәрте өзі доп берген геймде есе жіберді. Хорват теннисшісі осы жарыс барысында турнирдің алтыншы ракеткасы, латвиялық Эрнест Гулбисті, содан кейін қазақстандық теннисші Андрей Голубевті 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын. Енді Б.Чорич өз өмірінде алғаш рет ATP турнирінің финалына шығу үшін осы жарыстың жетінші ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенмен шеберлік байқасады. Еске сала кетейік, Базель турнирінде М.Кукушкин де екінші айналымнан аса алмаған болатын.