НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик әлемдік рейтингіде 38-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, бұл осыған дейін 40-сатыда тұрған теннисшінің спорттық жолындағы рекордтық көрсеткіші болып саналады.
Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин үш сатыға (103-тен 100-ге) жоғарылап, үздік жүздікке қайта енді.
Дмитрий Попко, Александр Недовесов, Тимофей Скатов бұрынғы орындарында қалды.
Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 22-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 34-тен 35-ке сырғыды.
Зарина Дияс 96-дан 93-сатыға орнықты.
Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова Рим жарысының екінші айналымына өтуі арқасында 665-тен бірден 433-орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Хорватиядағы турнирдің финалында ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).