ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Бублик Барселона ATP 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 48-ракеткасы, испаниялық Алехандро Давидович Фокинамен өткізді.
Бірінші партияда А.Бубликтен екі жас кіші, 21-дегі испаниялық спортшы басымдылық танытты – 6:2. Ол екінші сеттің ортасына дейін сенімді ойнады.
Екінші партияда есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап кетті. Сосын өз геймін оңай ала білді – 7:5.
Үшінші, шешуші партияда тағы екі брейк жасаған А.Бублик матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Бәсеке 1 сағат 31 минутқа созылды.
А.Бублик екінші айналымда әлемнің 25-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минормен шеберлік байқасады.
Барселона додасы 25 сәуірде мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Барселонада, Зарина Диястың Ыстанбұлда ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).